Ақтаулық бір жарым жасар сәби ерекше операциядан кейін колостомадан құтылды

Омар ішек патологиясымен дүниеге келген, өздігінен дәрет шығара алмайтын. Бұл жаңа туған нәресте үшін жалпы интоксикациямен өте қауіпті болды. Гиршпрунг ауруы – тоқ ішектің кейбір аймағында жүйке жасушалары болмайтын сирек кездесетін туа біткен ауру. Мұндай диагнозы бар балаларда ішек қозғалғыштығы бұзылып, тағамдық массаның шығуы қиындай түседі. Ауру өткір ішек өтімсіздігінің дамуына байланысты қауіпті және ішектің перфорациясына, инфекцияға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қоректік заттардың жетіспеушілігі және балада өсу мен дамудың кешігуі сияқты асқынулар да орын алуы мүмкін. Гиршпрунг ауруы дер кезінде диагноз қоюды және емдеуді қажет етеді.

«Бала 1,5 жаста, дүниеге келгелі ауырады. Ақтаудан жоспарлы түрде Гиршпрунг ауруымен және колостомамен келді. Тексеруден кейін Лапаротомия. Свенсон бойынша тоқ ішектің қысқарту отасы жасалды. Ота 4 сағатқа созылды. 6 айдан кейін қайталама тексеруге кезекті қабылдау белгіленді», – дейді жоғары санатты дәрігер, м.ғ.д., балалар колопроктологы Расулбек Айыпов.

Алматы Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында енді проктологиялық ауруы бар науқастарға ота жасайды.

«Қыркүйекте біз туа біткен анус пен тік ішектің атрезиясы, Гиршпрунг ауруы, энтерецистома сияқты патологиясы бар проктологиялық науқастарды қабылдай бастадық. Балалар еліміздің әр өңірінен: Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Астана және Павлодар қалаларынан келеді. Олар бізге ауруханаға жатқызу бюросы порталы арқылы түседі. Қыркүйек айының ортасынан бері 30 баланы тексеріп, хирургиялық ем жасадық. Келесі жылы да науқастарды қабылдауға дайынбыз. Аптасына 2-3 баланы ауруханаға жатқызамыз, кейбіреуі тексерілсе, енді біреулері хирургиялық емделеді. Біз жаңа озық технологияларды енгізіп жатырмыз және Бірінші балалар ауруханасында бұрын жасалмаған бірнеше бірегей отаны жасадық. Бізге шетелде ота жасағаннан кейін көп адам келеді, біз қайталама пластикалық ота жасаймыз», – дейді Алматы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургі Дархан Қуатбеков.

Омардың ата-анасы ауруханадан үйге шығаратын күні хирургтардан тұсау кесу рәсімін жасауды сұрады. Олар үшін сәбидің алғашқы қадамын дәрігерлердің жеңіл қолымен жасау өте маңызды болды.

«Бұл ауруханаға 5 айлық кезімізде Ақтаудан келген едік. Менің ұлым Гиршпрунг ауруымен ауырады – ол өз бетімен дәрет жасай алмайды. Алматылық дәрігерлер әлеуметтік желідегі топтар мен WhatsApp чаттары арқылы табылды, онда әркім өз тәжірибесімен бөлісіп, Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына хабарласуды ұсынды. Отаның бірінші және екінші кезеңінде ішектің белсенді емес бөлігі алынып, колостомия (нәжіс жинауға арналған сыртқы қапшық) алынды. Алты айдан кейін хирургтар ішектерді қосып, ұлымды колостомиялық қапшықтан босатты, бүгін отадан кейінгі жетінші күн, ол өз бетімен дәрет жасай алды. Күйеуім екеуміз ұлымыздың дәрігерлер сияқты батыл және асыл болғанын қалаймыз, сондықтан біз олардан Омардың тұсауын кесуді сұрадық», – дейді сәбидің анасы ІЗТІЛЕУОВА ТІЛЕКШІ.