Педиатрия болашағына қосылған үлес: Академик Қ. С. Ормантаевтың мұрасы

2026 жылдың 11 қыркүйегінде Санжар Жапарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің академик Төрегелді Шарманов атындағы Даңқ залында «Академик Камал Саруарович Ормантаев Миссиясы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара отандық балалар хирургиясы, анестезиологиясы және травматологиясы мектебінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі Камал Саруарұлы Ормантаевтың 90 жылдық мерейтойына арналды.

Камал Саруарұлының қызметі Қазақстан денсаулық сақтау саласының тарихындағы маңызды кезеңге айналды. Өз еңбек жолында бұл бірегей хирург 20 мыңнан астам сәтті операция жасап, 40 жылдан астам уақыт бойы бейінді кафедраны басқарды. Оның жетекшілігімен 1,5 мың маман, соның ішінде 16 медицина ғылымдарының докторы мен 120 кандидаты даярланды. Ол сонымен қатар бірқатар іргелі ғылыми еңбектердің авторы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып табылады.

Профессордың медицина ғылымына қосқан ауқымды үлесін тану белгісі ретінде Университеттің Ғылыми кеңесінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі шешімімен Педиатрия мектебіне академик Қ. С. Ормантаевтың есімі берілді.

Дәл осы тұлғаның табанды ұстанымының арқасында елімізде педиатриялық білім беру қайта жанданып, 2017 жылдан бастап университет бұл мамандық бойынша мамандар даярлауды қайта бастады. Бүгінде факультетте 1,5 мыңнан астам студент білім алуда, ал оқу орнынан 586 жас педиатр-дәрігер түлеп ұшты. Көрнекті академиктің есімін Педиатрия мектебіне беру — оның тарихтағы орнын мәңгілікке қалдырудың және жаңа медициналық кадрларды тәрбиелеудегі ісін жалғастырудың символы болмақ.